Кіріспе
Орта ғасырлар-бүкіл дүниежүзі тарихының ежелгі дүние мен жаңа тарих аралығындағы кезеңі. Бұл Еуропада он екі ғасырға тең, ал Шығыс елдерінде одан да ұзақ. Аталған дәуірге тән көне белгілер кейбір елдерде әлі күнге дейін сақталып келеді. Орта ғасырларда феодализм пайда болып, үстемдік құрды және ыдырай бастады. Ол адамзат қоғамында жаңа экономикалық, коғамдық-саяси өмірдің пайда болуымен және дамуымен сипатталады. Орта ғасырларда адамзат қоғамы өзіне дейінгі өткен өмірдің материалдық және рухани мәдениетін одан әрі дамытып, үлкен жетістіктерге жетті.
Орта ғасырлар дәуірінде қалаларда өнім өндіретін ұсақ кәсіпорындар көбейді, мәдениет дамыды. Мануфатуралар өсіп шықты, болашақ буржуазиялық (капиталистік) қоғамның шаруашылық және әлеуметтік негізі - өнеркәсіп пен жұмысшы табы пайда болды.
Дүниежүзі тарихының ортағасырлық кезеңін оқытуда төмендегідей мақсаттар қойылады:
-Оқушылардың бойында тарихи сананы қалыптастырып, дүниежүзі елдерінің орта ғасырлардағы тарихы мен мәдениетін таныстыру.
-Адамзаттың орта ғасырлардағы құндылықтарын игеруге бағытталған зерттеушілік, ойлау, коммуникативті дағдыларын дамыту.
Оқу пәнінің міндеттері:
-Оқушылардың адамзат өркениетінің орта ғасырларда жеткен нәтижелері туралы түсінігін қалыптастыру.
-Жалпыадамзаттық құндылықтар туралы білім беру.
-Орта ғасырлардағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар қызметіне сыни тұрғыдан талдау дағдыларын дамыту.
-Тарихи зерттеу жүргізе білуге баулу.
-Орта ғасырлар тарихы пәнінен алған білімді өмірде қолдана білуге үйрету.
-Өз ойы мен тұжырымын жеткізе білу және топпен жұмыс жасау біліктілігін жетілдіру.
Оқулық 11 тарау, 30 параграфтан тұрады. Оқулықта берілген материалдар оқушылардың орта ғасырлардағы дүниежүзі тарихының негізгі оқиғаларын терең білулеріне көмектеседі. Әр тақырыптың мәтініндегі курсивпен жазылған терминдердің мағынасын 147-155-беттерден анықтауға болады. Тақырып соныңдағы сұрақтар меи тапсырмаларды орындау олардың білімін жетілдіре түседі.