1-бөлім. ЭКОЖҮЙЕЛЕР
§1. Экологиялық факторлар
Экология тірі ағзалардың өзара және қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін биология бөлімі. Ал экологиялық факторлар деп тірі ағзалардың тіршілігіне әсер ететін кез келген жағдайлар және қоршаған ортаның құрам бөліктерін атайды. Барлық тірі ағзалар қоршаған табиғи ортасыз тіршілік ете алмайды. Заманауи экологияда экологиялық факторлардың үш тобын: абиотикалық, биотикалық және антропогендік факторларды ажыратады. Біз солардың ішінде бірінші факторды қарастырайық.
Абиотикалық факторларға атмосфера газдары, топырақ, жергілікті жер бедері, климат ерекшелігі (температура), ылғалдылық (өзен, көл, жауын-шашын) т.б. жатады. Оған жергілікті жерге тән жансыз табиғаттың барлық басқа көрсеткіштері де кіреді (1-сурет).
1-сурет. Үлкен Алматы көлі тау бедері және белгілі бір ылғалдылықтың әсерінен пайда болды
Биотикалық экологиялық факторлар тірі ағзалардың бір-біріне әсер етуі.
Адам да тірі ағза. Адамның табиғатқа әсері соңғы 200 жыл ішінде зор болды. Сондықтан адам іс-әрекеті жеке экологиялық фактор антропогендік фактор ретінде қарастырыла бастады.
Абиотикалық факторлар. Қоршаған орта температурасы маңызды экологиялық факторлардың біріне жатады. Ғаламшарда әр жерде әртүрлі температуралық жағдай қалыптасады. Мысалы, экваторда Күннің қызуы жоғары.
Тағы бір маңызды абиотикалық факторға ылғалдылық жатады. Жауын-шашын мөлшері Жер бетіне біркелкі тарамайды. Экваторда ылғалдылықтың жоғары болуынан және Күннің қатты қызуынан джунгли қалыптасты. Бұл аудан бірлігіне шаққанда өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрі кездесетін ылғалды экваторлық ормандар. Экватордың оңтүстігі мен солтүстігінде тропиктер жылу мөлшері экватордағы сияқты, бірақ жауын-шашын мөлшері аз аумақтар орналасқан. Бұл зоналарда негізгі шөлдер қалыптасқан. Белгілі бір аумақта қандай өсімдіктер бірлестігінің (сообщества) қалыптасуы жылу және ылғал мөлшерінің үйлесіміне байланысты. Ал қандай жануарлардың мекендейтіні өсімдіктерге тәуелді.
Біздің ғаламшарымыздың табиғи жарығы Күн. Барлық тірі ағзалар соның ерекшелігіне бейімделген.
Жарық температура мен ылғалдылыққа қарағанда едәуір тұрақты көрсеткіш.
Солтүстік жартышарда 22 желтоқсанға дейін күн қысқарып, түн ұзарады және 21 наурыздан кейін керісінше күн ұзарып, түн қысқарады. Наурызда күн мен түн теңеледі, 21-нен 22 маусымға қараған түн ең қысқа түн болып есептеледі.
Ортаның қышқылдылығы абиотикалық факторға жатады.
Сендер әлі химияны оқып-үйренбесеңдер де лимон және сірке қышқылы туралы білесіңдер. Айран, йогурт жасаған кезде сүт ашытылып, яғни оның қышқылдылығы өзгереді. Мысалы, көптеген қылқанжапырақты өсімдіктер шырша, қарағай қышқыл ортада жақсы, ал сілтілік ортада нашар өседі. Бидай, бақша дақылдары сияқты көптеген мәдени өсімдіктер шамалы қышқыл топырақта жақсы өседі.
Биоалуантүрлілік. Белгілі бір аумақта ағзалардың неғұрлым көп түрлері кездессе, олардың бірлестігі соғұрлым тұрақты, бай және осы экологиялық жүйе өнімді болады.
Экожүйе ұзақ уақыт бойы қатар тіршілік етіп, бір-біріне өзара әсер ететін алуан түрлі ағзалардың және жансыз табиғат факторларының тұрақты жиынтығы. Экожүйе екі негізгі компоненттен тұрады: тірі табиғат (жануарлар, өсімдіктер, саңырауқұлақтар, қыналар, микроағзалар) және жансыз табиғат (климат, ылғалдылық, топырақ, су мен ауаның құрамы) (1-сызба).
Тірек сөздер:
Экология, экологиялық факторлар, биотикалық, абиотикалық, антропогендік факторлар.
Білу және түсіну:
1. Мәтіндегі негізгі түсініктерге анықтама беріңдер.
2. Абиотикалық факторлар дегеніміз не?
3. Неліктен антропогендік факторлар биотикалық факторлардан жеке қарастырылады?
Қолдану:
1. Мектептен үйге дейінгі жолда және мектепте сендерге әсер ететін абиотикалық факторларды атаңдар.
2. Температура және ылғалдылық өзара қалай байланысты?
3. Жер бетінде температураның таралу заңдылығын анықтаңдар.
Талдау:
1. Абиотикалық факторлар мен олардың маңызын талдаңдар. «Күн мен түннің теңелуі» қандай абиотикалық факторларға байланысты?
Синтез:
1. Қосымша материалдар мен интернет-ресурстарды пайдаланып, экологиялық факторлардың әсері туралы эссе жазыңдар.
2. Ағзалар экологиялық факторларға қалай бейімделеді?
Бағалау:
1. Экологиялық факторлардың табиғат зоналарының пайда болуына әсерін анықтаңдар.
2. Өсімдіктердің кейбір түрлерінің дамуына қышқылдықтың әсерін бағалаңдар.
3. Сүт және сүт өнімдерінің қышқылдылығы олардың қасиетін қалай анықтайтынына баға беріңдер.
№1 зертханалық жұмыс. «Жергілікті жердің экожүйесін зерттеу (мектеп ауласы мысалында) (220-бетті қара).